Өңірде энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Бұл бастама Мемлекет басшысының 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген инфрақұрылымдық міндеттерді орындауға бағытталған және өңір тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз жылу, электр энергиясы және ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Мейір Мәдиев баяндады.

Ұлттық жоба аясында тозу деңгейі жоғары инженерлік желілерді жаңғырту, коммуналдық жүйелердегі апаттылықты азайту, сондай-ақ электр және жылу энергиясының тапшылығын болдырмау үшін жаңа қуат көздерін салу және қолданыстағы нысандарды жаңарту жоспарланған. Осы мақсатта заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізіліп, табиғи монополия субъектілерін қаржыландыру мен инфрақұрылымды дамытуға қажетті құқықтық және қаржылық тетіктер қалыптастырылды. Қазіргі уақытта Абай облысы бойынша табиғи монополиялар саласында 39 субъект халыққа қызмет көрсетуде, - деп атап өтті спикер.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде өңірде коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету, апаттар санын азайту және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру барысында отандық өндірушілерді барынша тарту арқылы өңір экономикасын қолдауға басымдық берілуде.

Азаматтардың әлеуметтік жағдайын қорғау мақсатында 2025 жылғы 16 қазаннан бастап 2026 жылғы 31 наурызға дейін электр энергиясы, жылу, су және газ қызметтері тарифтерінің өсуіне уақытша мораторий енгізілді. Бұл шешім тұрғындардың қаржылық жүктемесін азайтуға, инфляциялық қысымды төмендетуге және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған, - деп түйіндеді  департамент басшысы.